Алматы мен Астананың экс-әкімдерін жұбайлары асырап отыр ма?
Өткен аптадан бастап меморгандардың ресми сайттарында саяси қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің алғашқы табыс декларациялары жариялана бастады.
Жыл соңында ашық түрде есеп береміз деп жазда уәде берген вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алғашқылардың бірі болып табысын жария етті. Құжаттарға сүйенсек, министрдің отбасы оның жұбайының арқасында шалқып өмір сүріп отырған сыңайлы. Серік Жұманғариннің әйелі Сания Садықова қор нарығында 88,6 млн теңгеден астам табыс тапқан.

Ал Жұманғариннің орынбасары Асaн Дарбаевтың жары – Гүлнұр Дарбаева 2024 жылы шамамен 70 млн теңге табыс тауыпты.

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев та есеп берді. Ол 2024 жылы Алматы қаласының әкімі қызметін атқарғаны белгілі. Экс-әкім осы уақытта 14 миллион теңге табыс тапқан. Ал оның жұбайы Гүлнар Досаева 2,3 миллиард теңге көлеміндегі кірісті декларациялаған. Ашық дереккөздер мәліметінше, Досаева көпсалалы халықаралық компания – Lancaster Holding-тің тең құрылтайшысы. Сонымен қатар оның бөлшек сауда саласында жұмыс істейтін “G and G Гламур” ЖШС мен “GGonline” ЖШС-да үлестері бар.
Досаевтың өзге әріптестері де отбасыларының табысын жария етті:
Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің жұбайы – 24,9 миллион теңге;
Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекееевтің жұбайы – 48,3 миллион теңге;
Мемлекеттік инспектор Батыржан Байжұмановтың жұбайы – 2,6 миллион теңге.
Ал СІМ қызметкерлері арасында бұрынғы вице-премьер, қазір Эстониядағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Алтай Көлгіновтің отбасына жұрт назары ерек ауды. Оның жұбайы Жанар Келімбетова 2024 жылы 17 млн теңгеге жуық табыс тапқан.
17:54
86
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.